Елордалық гандболшылар VI жастар ойындарын бастады

Астанада қол добынан Қазақстан VI Жастар ойындары басталды. 7-13 сәуір аралығында өтіп жатқан жарыста 2004 жылғы қыздардан құралған жеті командалар жүлдеге таласуда. Олардың арасында Астана қаласы, Шымкент қаласы, Павлодар облысы, Түркістан облысы, Ақтөбе облысы, Қарағанды облысы, Қызылорда облысы бар.

«Жарысқа тыңғылықты дайындалдық. Тек Қазақстанда ғана емес, Өзбекстан, Әзербайжанда оқу-жатығу жиынын өткіздік. Алдағы бәсекедегі міндетіміз – финалға дейін жету. Басты қарсыластар ретінде Шымкент қаласы мен Қарағанды облысы деп ойлаймын. Павлодар облысының алғаш рет қатысып отырғанын ескерсек, олардан да қауіп күтеміз. Бұл спорт түрі елордамызда қарқынды дамып келе жатыр. Мысалы, 2024 жылы мектеп лигасында 34 команда өнер көрсетсе, биыл бұл көрсеткіш 84-ке дейін көбейді. Қазіргі сәтте гандболмен елордада 2 155 адам тұрақты түрде айналысады. Осының арқасында түрлі жас ерекшеліктері бойынша ұлттық құрамаға 68 спортшымыз еніп отыр. Ал ересектер сапында 12 спортшымыз бар. Бұйырса, ересектер құрамасы жыл соңында Германия мен Нидерланд Корольдігінде ұйымдастырылатын жаһандық додаға қатысады», – деді гандболдан Астана қаласының аға жаттықтырушысы Диас Ақмұрзаев.

Астана қаласының арулары кеше жарыс жолын бастап, Ақтөбе ұжымын сенімді түрде 34:15 есебімен жеңген болатын.

Естеріңізге сала кетейік, ақпан айында бастау алған VI жастар ойындары қазан айына дейін жалғасады. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада еліміздің барлық өңірінен жиналған спортшылар спорттың 34 түрі бойынша сынға түседі.

Келесі жазба
Астанада спорттық даярлықтың ұлттық стандартының енгізілуі талқыланды
Алдыңғы жазба
Қазақстан Республикасы бойынша гандболдан әйелдер командалары арасында VI жасөспірімдер спорттық ойындарының өткізілуі