20-22 наурыз аралығында Черногория, Испания және Венгрияда әйелдер командалары арасында гандболдан іріктеу турнирлері өтеді, деп хабарлайды Olympic.kz.
Қазақстан құрамасы бастапқыда үшінші топта Норвегия, Черногория және Румыния құрамаларымен бірге өнер көрсетуі керек еді. Алайда Қытай гандбол федерациясы коронавирус індетіне байланысты турнирге қатысудан бас тартты.
Осыған байланысты Халықаралық гандбол федерациясының регламентіне сәйкес, Қазақстан әйелдер құрамасы Азия аймағындағы ең жоғары рейтингке ие команда ретінде Қытай құрамасын алмастырады. Қазақстандық гандболшылар 20-22 наурыз аралығында Венгрияның Дьёр қаласында өтетін Олимпиадаға іріктеу турнирінде бақ сынайды.
Айта кетейік, үш топтың ішінен екі үздік команда Токио Олимпиадасына жолдама алады.