21 тамызда Үндістанның Джайпур қаласында 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы сегізінші Азия чемпионаты басталды. Olympic.kz мәліметінше, жарыстың екінші күнінде қазақстандық гандболшылар Қытай құрамасына жол берді.
Алғашқы матчта біздің қыздарға мықты қарсыластар – Қытай құрамасының өкілдерімен кездесуге тура келді. Ойын 25:32 есебімен қытайлықтардың пайдасына аяқталды.
Бүгін тағы бір матч өтеді. Бұл жолы қазақстандық гандболшылар Непал құрамасына қарсы ойын өткізеді.
Ертең, алдын ала кезең аясында, Қазақстан құрамасы Үндістан командасымен кездеседі.
Биыл Қазақстан В тобына түсті, онда Үндістан, Қытай, Моңғолия және Непал командаларымен бақ сынайды.
Әйелдер арасындағы жасөспірімдер Азия чемпионаты – Азия гандбол федерациясының ұйымдастыруымен өтетін ресми жарыс. Бұл турнир әр екі жыл сайын өткізіледі. Азия чемпиондары атағынан бөлек, бұл жарыс жастар арасындағы гандболдан әлем чемпионатына іріктеу турнирі болып табылады.