Қазақстан ҰОК Атқарушы комитетінің жаңа құрамы сайланды

Бүгін, 23 сәуірде, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің (ҰОК) Бас ассамблеясында Атқарушы комитеттің жаңартылған құрамы қалыптастырылды. Сондай-ақ, қатысушылар ұйым Жарғысына енгізілетін өзгерістерді талқылап, жаңа мүшелерді қабылдады.

Іс-шараға Қазақстан ҰОК Президенті Геннадий Головкин, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Әлімжан Ақаев және Ұлттық спорт федерацияларының өкілдері қатысты.

Геннадий Головкин Бас ассамблея қатысушыларына алғысын білдіріп, бірлескен жұмыстың маңыздылығын және жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетудің маңызын атап өтті.

Бірқатар спорт ұйымдарының басшылығындағы өзгерістерге және басқа да кадрлық ауыс-түйістерге байланысты Атқарушы комитет құрамын қайта қарап, оның тиімділігі мен белсенділігін арттыру мақсатында жаңарту туралы шешім қабылданды.

Бас ассамблея қорытындысы бойынша Атқарушы комитеттің жаңартылған құрамы бекітілді:

Вице-президенттер:
Серік Жарасбаев – Өңірлермен жұмыс жөніндегі вице-президент, ҚР Туризм және спорт вице-министрі
Шахмурат Мұтәліп – Халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі вице-президент, Қазақстан бокс федерациясының президенті
Данияр Әбілғазин – Жазғы олимпиадалық спорт түрлері жөніндегі вице-президент, Үстел теннисі федерациясының президенті
Сәкен Мұсайбеков – Қысқы олимпиадалық спорт түрлері жөніндегі вице-президент, Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының бас директоры
Ғаджи Ғаджиев – Жалпы мәселелер жөніндегі вице-президент, Ауыр атлетика федерациясының президенті

Спортшылар комиссиясының өкілі:
Ольга Рыпакова – Жеңіл атлетика федерациясының президенті

Ұлттық федерациялардың өкілдері:
Әлия Юсупова – Гимнастика федерациясының президенті
Мәди Такиев – Волейбол федерациясының президенті
Асхат Жіткеев – Дзюдо федерациясының бас хатшысы
Нұрлан Жақұпов – Су спорт түрлері федерациясының президенті
Ержан Біржанов – Қазақстан триатлон федерациясының президенті
Берік Асылов – Қазақстанның спорттық оқ ату федерациясының президенті
Кудрет Шәмиев – Қазақстан таеквондо федерациясының (WTF) президенті
Қайрат Дүйсенов – Қазақстан гольф федерациясының вице-президенті

Сонымен қатар, Бас ассамблея қатысушылары Қазақстанның мәнерлеп сырғанау одағын Қазақстан ҰОК мүшесі ретінде қабылдауды бекітті.

Айта кету керек, 2024 жылдың қыркүйегінде ұйым дербес Ұлттық федерация мәртебесінде тану туралы ресми өтініш жолдаған болатын. Бұған дейін мәнерлеп сырғанау Қазақстан коньки тебу одағының құрылымында дамыған еді. 2023 жылдың қарашасында Халықаралық коньки тебу одағы (ISU) Қазақстанның мәнерлеп сырғанау одағын бөлек федерация ретінде қабылдауды мақұлдады.

Сондай-ақ, белсенді қызметінің болмауына байланысты Қазақстан шана спорты федерациясын Қазақстан ҰОК мүшелігінен шығару туралы шешім қабылданды.

Одан бөлек, Бас ассамблея қатысушылары ұйымның операциялық қызметін жетілдіруге бағытталған Жарғыға енгізілген өзгерістерді қарап, мақұлдады.

Алдыңғы жазба
Астанада спорттық даярлықтың ұлттық стандартының енгізілуі талқыланды