Елордада Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа Заңын іске асыру мәселелері бойынша семинар өтті. Іс-шараға Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің, спорт федерацияларының және салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Семинарды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев құттықтау сөзімен ашты:
“Мемлекет басшысы «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға қол қойды. Қазіргі уақытта тиісті заңға тәуелді актілерді қабылдау жұмыстары жүргізілуде. 12-бапқа сәйкес, саланың бірыңғай бағыт-бағдары болатын спорттық даярлықтың ұлттық стандарттарын бекіту қажет.”
Республикалық дене шынықтыру және спорт бойынша оқу-әдістемелік және талдау орталығы директорының орынбасары Жұмажан Имяқов жобаның негізгі міндеттері мен спорт федерацияларының сұраныстарына бейімдеу тәсілдерін таныстырды. Қатысушылардың сұрақтарына комитеттің салалық басқармаларының мамандары жауап берді.
Семинар елдегі спорттық даярлықты жүйелі түрде трансформациялаудың бір бөлігі болды.