Гандбол ұлттық федерациясының менеджері ХОК-тың «Олимпиадалық ынтымақтастық» бағдарламасы бойынша оқудан өтті

7 маусымда Венгрияның Будапешт қаласында Венгрияның Дене шынықтыру университетінде өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің «Олимпиадалық ынтымақтастық – Бапкерлерге арналған стипендия» бағдарламасы аясындағы оқу аяқталды. Қазақстан атынан бұл стипендия гандбол ұлттық федерациясының менеджері Динара Турлыхановаға берілді. Курсты аяқтағаннан кейін отандасымыз Olympic.kz-ке бағдарламаның маңыздылығы туралы айтып, алған әсерімен бөлісті.

«Менің алғашқы халықаралық бапкерлік курстарым аяқталды. Бұл үш айдың өте тез әрі өнімді өткенін қазір сезініп отырмын. Біздің топтағы бапкерлердің арқасында оқу ерекше болды. Стипендиаттар 21 елден келіп, әртүрлі спорт түрлерін таныстырды», – дейді Динара.

Қазақстандық өкілдің айтуынша, студенттерге ұсынылған мүмкіндіктер тамаша болған.

«Оқыту әдісі өте тиімді болды. Осындай курстарды ұйымдастырғаны үшін Халықаралық Олимпиада комитетіне және «Олимпиадалық ынтымақтастық» бағдарламасына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, бізге біліктілігімізді арттыруға мүмкіндік берген Қазақстан ҰОК мен Гандбол федерациясына ризашылығымды айтқым келеді».

«Жаңа алған білімімді елімізге оралған соң біздің бапкерлерімізге үйретіп, спорттың дамуына үлес қосатын боламын», – деп уәде етті Турлыханова.

«Спорт – бұл өмір салты. Спорт және осы саладағы біліміміз арқылы біз физикалық, менталдық, эмоциялық, рухани-психологиялық тұрғыда дамып қана қоймай, басқа елдердің мәдениетімен танысып, адамдармен араласамыз. Бұл – даму үшін өте маңызды. Елдің болашағына, спортшылар мен бапкерлерге инвестиция салу қажет».

Айта кетейік, бұған дейін біздің елден әйелдер боксы бойынша бапкер Елдос Сайдалин АҚШ университетінде ICECP бағдарламасы аясында оқудан өткен. Бұл бағдарламаға қатысу ХОК-тың «Олимпиадалық ынтымақтастық» бағдарламасының арқасында мүмкін болып отыр.

Келесі жазба
Гандболдан 20 жасқа дейінгі Азия чемпионаты: Қазақстан құрамасының нәтижелері
Алдыңғы жазба
Алматыда Asian Women’s Club League Championship халықаралық гандбол турнирі өтеді